ТЖМ басшысы жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысын іске қосты

ТЖМ басшысы жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысын іске қосты

  Астана қаласында күрделі жөндеуден өткен №8 өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Жаңартылған бөлімшенің жұмысымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов танысты. Ведомство басшысы қызметтік бөлмелерді, бөлім аумағын және жеке құрамның қызмет атқаруына жасалған жағдайларды аралап көрді.

  Өрт сөндіру бөлімі елорданың Байқоңыр ауданын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Күрделі жөндеу нәтижесінде ғимарат толық жаңартылып, өрт техникасына арналған гараж қайта жаңғыртылды, инженерлік желілер жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Өрт сөндіру автокөліктеріне қызмет көрсету үшін жеке жуу боксы жабдықталды. Бөлім қызметкерлері жаңа арнайы киіммен қамтамасыз етілді.

  Қызмет өткеру мен кәсіби даярлыққа қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Бөлім аумағында заманауи воркаут алаңы мен футбол алаңы жабдықталып, демалыс аймақтары жаңартылды, ағаштар мен гүлзарлар отырғызылды. Жүргізілген жұмыстардың барлығы бөлімшенің жауынгерлік әзірлігін арттыруға және жеке құрам үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

  Іс-шара барысында министр жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарды ведомстволық наградалармен марапаттап, BATYR TEAM шағын футбол командасының мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында балалар және бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды. ТЖМ басшысы өрт сөндіру бөлімінің жаңартылуы елордалық гарнизонның материалдық-техникалық базасын нығайту және бөлімшелер жұмысының тиімділігін арттыру жолындағы кезекті маңызды қадам екенін атап өтті.