ТЖМ құтқарушылары сел қаупі туындаған жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтады

ТЖМ құтқарушылары сел қаупі туындаған жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтады

  Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Сарымсақты алқабында ТЖД құтқарушылары «Қазселденқорғау» ТЖМ мамандарымен бірлесіп, сел тасқыны қаупі туындаған жағдайдағы авариялық-құтқару жұмыстарын пысықтаған оқу-жаттығу өткізді.

  Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, нөсерлі жаңбыр салдарынан Сарымсақты өзеніндегі су деңгейі қауіпсіз шектен асып, сел тасқынының ықтимал әсер ету аймағына 24 тұрғын үй және республикалық маңызы бар автомобиль жолының бір учаскесі кірген. Құрылған жедел штаб күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіруді, халықты қорғау бойынша шешім қабылдауды, эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруды және тартылған барлық қызметтердің өзара әрекетін қамтамасыз етті.

  Сел тасқыны туристік шатырды, бірқатар тұрғын үйлерді және автомобиль жолының учаскесін басып қалған. Оқиға орнына жеткен кинологиялық топтар үйінді астында қалған туристі іздеу жұмыстарын жүргізуде. Турист табылғаннан кейін құтқарушылар оны үйінділер астынан шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем көлігіне жеткізді. ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Ол Сарымсақты өзені алабына әуеден шолу жасап, беткейлердің жағдайын және сел тасқындарының ықтимал қалыптасу аймақтарын бағалауда.

  Зардап шеккен азаматтарды орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар уақытша орналастыру пункттерін дайындады. Сел жүрген аумақта өзен арнасын тазарту және инженерлік техниканы тарта отырып, автомобиль жолындағы үйінділерді жою жұмыстары жүргізілді. Сел ахуалын мониторингілеуді «Қазселденқорғау» мамандары жүзеге асырды. Төтенше жағдай аймағынан тұрғындарды эвакуациялау ТЖМ 68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының жеке құрамы мен эвакуациялық қызмет тарапынан орындалды. Полиция қызметі аумақтың күзеті мен қоршауын қамтамасыз етті. Жаттығу қорытындысы бойынша ТЖ аймағындағы әрекеттерге талдау жасалып, жедел әрекет ету жұмыстары бағаланды.