Қазақстанда 202-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 202-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Жетісу облысы Ақсу ауданының Көшкентал ауылында 202-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымның ашылу рәсімі өтті. Өрт сөндіру бекеті Көшкентал ауылдық округі мен Қолтабан елді мекенінің тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған екі елді мекенде жалпы саны 1300-ден астам адам тұрады.

  Іс-шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Адамбек Оразалинов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты. Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен құрылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

  Қызмет атқару үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда демалыс бөлмелері, ас үй және өрт сөндіру техникасына арналған гараж боксы жабдықталған.

  Бекеттің жарақтандырылуы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру автокөлігі мен байланыс құралдарын табыстады. Бөлімшенің жеке құрамы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жетекшілігімен тиісті даярлықтан өтті.

  Жобаны жүзеге асыруға белсенді атсалысып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосқан азаматтарға ТЖД атынан алғыс хаттар табысталды. Іс-шара соңында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызды.