
Абай облысы Жарма ауданының Жарық ауылында 201-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылу рәсімі өтті. Ол Жарық, Малай және Қарасу ауылдарының 571 тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Іс-шараға Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жамбыл Жабаев пен Жарма ауданы әкімінің орынбасары Берік Самежанов қатысты.
Нысанда жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруы мен кезекшілік етуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ өрт техникасын орналастыруға арналған гараж, спортпен шұғылдану бөлмесі қарастырылған. Пост өрт сөндіру автоцистернасымен, жауынгерлік киім-кешекпен, байланыс құралдарымен және қажетті өрт-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өрт сөндіру постының ғимараты Жарма ауданы әкімдігінің қаражаты есебінен жаңартылды.
Бекеттің ашылуы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік беріп, ауылдық жерлерде табиғи және дала өрттерінің алдын алу мен оларды сөндіру жұмыстарының тиімділігін арттырады.