Қауіпсіз жаз: құтқарушылар балалар лагерьлерінде сабақтар өткізуде

Қауіпсіз жаз: құтқарушылар балалар лагерьлерінде сабақтар өткізуде

  Жазғы демалыс кезінде Қазақстан ТЖМ бөлімшелері еліміздегі балаларды сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлерде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жазғы демалыс кезінде орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу.

  Республиканың барлық өңірлерінде құтқарушылар балалар үшін танымдық сабақтар, шеберлік сағаттары, экскурсиялар және практикалық жаттығулар ұйымдастыруда. Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелері, су айдындарындағы қауіпсіз мінез-құлық, терезе маңындағы сақтық шаралары, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тәртібі түсіндіріледі.

  Астана қаласында ТЖД қызметкерлері мектеп жанындағы лагерьлерде кездесулер өткізіп, балаларға қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығы мен төтенше жағдайлардың алдын алу жолдарын қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуде.

  Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде қауіпсіздік сабақтарын өткізуде. Балалар шартты кедергілерден өтуді үйреніп, кинологиялық қызметтің жұмысымен танысуда, табиғатта және су айдындарының маңында қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын меңгеруде. Сонымен қатар мамандар лагерь қызметкерлеріне нұсқама өткізіп, нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексеруде.

  Батыс Қазақстан облысында балалар үшін экскурсиялар ұйымдастырылып, олардың барысында өрт-құтқару техникасы, арнайы жабдықтар және азаматтық қорғау жүйесінің даму тарихы таныстырылады. Профилактикалық сабақтар балалардың қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын жақсырақ түсінуіне және құтқарушы мамандығына қызығушылығының артуына ықпал етеді.

  Жетісу облысында Алакөл ауданынң балалар сауықтыру лагерінде құтқарушылар балалар үшін танымдық әрі көңілді іс-шара ұйымдастырды. Қатысушылар өрт және судағы қауіпсіздік ережелерімен танысып, қызықты эстафетаға қатысты. Кездесудің ерекше сәті өрт сөндіру автокөлігінен жасалған су фонтаны болды.

  Қостанай облысында ТЖД қызметкерлері балаларды сауықтыру лагерьлеріне профилактикалық тексеру жүргізіп, персоналдың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылға дайындығын бағалауда. Балалар үшін өрт қауіпсіздігі, алғашқы көмек көрсету және жазғы кезеңдегі қауіпсіз мінез-құлық тақырыптарында оқыту сабақтары ұйымдастырылуда. Балаларды практикалық дағдыларға үйретуге ерекше көңіл бөлінеді.

  Павлодар облысында Апаттар медицинасы орталығының мамандары алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтарын өткізуде. Онда оқушылар төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерімен танысып, алған білімдерін тәжірибе жүзінде пысықтайды.

  Солтүстік Қазақстан облысында өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару бөлімшелері жас қонақтарды тұрақты түрде қабылдайды. Экскурсия барысында балалар төтенше жағдайларды жою кезінде қолданылатын заманауи техника және жабдықтармен танысып, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызметі туралы мәлімет алады.

  Жүргізіліп жатқан жұмыстар балалардың жазғы демалысын қызықты әрі танымды өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, түрлі жағдайларда өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесетін қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.