Шыңғыс Әрінов Нұра ауылындағы алғашқы өрт сөндіру бөлімін ашты

Шыңғыс Әрінов Нұра ауылындағы алғашқы өрт сөндіру бөлімін ашты

  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысы Талғар ауданындағы Нұра ауылында орналасқан №15 өрт сөндіру бөлімінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл оқиға ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие болды, өйткені елді мекен тарихында алғаш рет өз өртке қарсы қызмет бөлімшесі ашылып отыр.

  Салтанатты рәсім барысында ТЖМ басшысы тұрғындардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Жаңа өрт сөндіру бөлімі төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, Нұра ауылы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын сенімді қорғауға мүмкіндік береді. Бөлімше 11 мыңнан астам тұрғыны бар төрт ауылға қызмет көрсетеді.

  Іс-шара аясында Шыңғыс Әрінов жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасының кілттерін табыстады. Бөлімшенің жарағына заманауи өрт сөндіру автоцистернасы, автосаты және жедел-құтқару автокөлігі берілді. Жаңа техникалар өрттерді сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде бөлімшенің мүмкіндіктерін едәуір арттырады. Сондай-ақ салтанатты рәсім барысында нысанның құрылысына және өңірдің азаматтық қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан тұрғындар мен қызметкерлер марапатталды.

  Өрт сөндіру бөлімі азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынды. Заманауи депо екі бірлік техниканы орналастыруға арналған және тәулік бойы қызмет атқаруға толық бейімделген. Мұнда диспетчерлік пункт, оқу сыныптары, демалыс бөлмелері және спорт аймағы қарастырылып, құтқарушылардың жұмыс істеуі мен кәсіби даярлығына барлық жағдай жасалған. Нұра ауылы тарихындағы алғашқы өрт сөндіру бөлімінің ашылуы Алматы облысының қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам әрі ТЖМ-нің ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының кезекті кезеңі болды.