Қазақстанда 199-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 199-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Абай облысы Мақаншы ауданының Қаратал ауылында 199-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылу рәсімі өтті.

  Ашылу рәсіміне Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жамбыл Жабаев пен Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Рахат Абдрахманов қатысты.

  Өрт сөндіру бекеті Қаратал ауылы әкімдігінің, жергілікті кәсіпкерлердің және «Аманжол» шаруа қожалығының қолдауымен салынды. Пайдалануға берілген жаңа нысанда диспетчерлік бөлме, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар және жеке құрамның демалыс бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар, өрт техникасын орналастыруға арналған гаражбен жабдықталған. Бекет өрт сөндіру автоцистернасымен, арнайы киім-кешекпен, байланыс құралдарымен және өртті сөндіруге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

  Жаңа өрт сөндіру бекеті Қаратал, Бекет және Бұғыбай ауылдарында тұратын 1637 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған нысан төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, сондай-ақ ауылдық жерлерде табиғи және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.