
Медицина қызметкері күніне орай ерекше алғыс сөздер тәулік бойы ең күрделі әрі төтенше жағдайларда адамдарға көмек көрсетуге әрдайым дайын Апаттар медицинасы орталығының мамандарына арналады.
Орталық пен оның еліміздің барлық өңірлеріндегі филиалдарында жоғары білікті дәрігерлер, фельдшерлер және басқа да мамандар еңбек етеді. Олар өз білімдері мен дағдыларын үнемі жетілдіріп, оқу-жаттығуларға, тренингтер мен білім беру бағдарламаларына белсенді қатысады.
Жыл басынан бері Орталықтың филиалдары оқиға орындарына 4 000-нан астам рет шықты. 1 300-ден астам адам құтқарылып, олардың 569-ы ауруханаға жатқызылды. Қызметкерлердің жоғары жеделдігі мен кәсібилігі Орталық жұмысының табысты болуының негізіне айналды.
Бүгінде республикада 41 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Биыл ТМҚП медициналық-құтқару бригадалары 638 рет шығып, 867 зардап шегушіге көмек көрсетті, олардың 442-сі ауруханаға жатқызылды.
Апаттар медицинасы орталығының жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан ТЖМ инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастыруда. Өткен жылдан бастап Орталықтың автопаркі 5 заманауи медициналық-құтқару реанимобильмен толықты. Олар Қарағанды және Ақмола облыстарының филиалдарына, сондай-ақ Алматы қаласына бөлініп, пайдалануға берілді. Олардың негізгі міндеті – республикалық автожолдардағы жол-көлік оқиғаларына жедел әрекет ету және зардап шеккендерге оқиға орнында медициналық көмек көрсету.
Қазақстан ТЖМ екінші жыл қатарынан өрт сөндіру, құтқару және медициналық қызметтерді біріктіретін әмбебап бөлімшелер құру жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде республикада бірқатар әмбебап бөлімшелер жұмыс істейді. Олардың үшеуінің құрамына Апаттар медицинасы орталығының трассалық медициналық-құтқару пункттері (ТМҚП) енгізілген. Олар Ақмола облысындағы «Макинск» және «Аршалы», сондай-ақ Павлодар облысындағы «Аққулы» пункттері. Медициналық бригадаларды әмбебап бөлімшелер құрамына енгізу төтенше жағдай аймағында қосымша қызметтердің келуін күтпей-ақ жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жол-көлік оқиғалары, авариялар және зардап шеккендер бар өзге де төтенше жағдайлар кезінде, уақыт шешуші фактор болып табылатын сәттерде аса маңызды.
Осылайша, Апаттар медицинасы орталығы халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарып, төтенше жағдайлардың, жол-көлік оқиғаларының, табиғи және техногендік апаттардың салдарын жоюға белсенді қатысады. Мамандардың кәсібилігі, жеделдігі және жанқиярлығының арқасында күн сайын адам өмірі құтқарылуда. Осы мерекелік күні Апаттар медицинасы орталығының барлық медицина қызметкерлеріне өз ісіне адалдығы, жоғары кәсібилігі және кез келген сәтте көмек көрсетуге әзірлігі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.