ТЖМ басшысы құтқарушылар авиациясын күшейтуде: Балқашта тікұшақ ангары жаңартылды

ТЖМ басшысы құтқарушылар авиациясын күшейтуде: Балқашта тікұшақ ангары жаңартылды

  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің тапсырмасы бойынша Балқаш қаласында «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақ ангарын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Аталған нысан тікұшақтың жыл бойы тұрақты орналасуын және ұшуға әзірлігін қамтамасыз етеді. Жүргізілген жұмыстар ТЖМ авиациялық-құтқару бөлімшесінің тәулік бойы кезекшілік атқаруына заманауи жағдай жасауға бағытталған.

  Жобаның іске асырылу барысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты. Жаңғырту аясында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер жаңартылды, инженерлік коммуникациялар, электрмен жабдықтау, жылыту, сумен жабдықтау және өрт қауіпсіздігі жүйелеріне тексеру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ персоналды орналастыру, жабдықтарды сақтау және әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету үшін жағдайлар жақсартылды.

  Базада бес адамнан тұратын авиациялық-құтқару жасағы қызмет атқарады. Бөлімше іздестіру-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету, санитариялық авиация, табиғи өрттерді мониторингтеу және төтенше жағдайларға жедел ден қою міндеттерін орындайды. Осылайша халық пен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды орындауға тұрақты дайындық сақталады.

  Іс-шара аясында авиациялық-құтқару жасағының командирі, ұшқыш-нұсқаушы Қоржинбай Абай Аманұлына қызметтік тұрғын үйдің кілті табысталды. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және әлеуметтік қолдау шараларын көрсету ТЖМ авиациясының кадрлық әлеуетін нығайтуға әрі құтқару бөлімшелерінің жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.