«Судағы балалар қауіпсіздігі»: СҚО-да ауқымды акция өтті

«Судағы балалар қауіпсіздігі»: СҚО-да ауқымды акция өтті

  Петропавл қаласындағы Пестрое көлінің жағажайында балалардың судағы қауіпсіздігіне арналған ауқымды акция өтті. Іс-шараға 100-ден астам бала қатысып, жазғы демалыс кезінде су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде пайдалы ақпарат алды.

  Балалар үшін түрлі викториналар, байқаулар мен танымдық ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын ТЖМ техникасы, құтқарушылардың жабдықтары, жүзу құралдары мен дрон тудырды. Сондай-ақ балалар арнайы киімдерді киіп көріп, қызметтік техникалардың кабинасына отырып, кинолог пен оның қызметтік итімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

  Іс-шара барысында тек ресми түрде рұқсат етілген орындарда шомылудың маңыздылығы тағы бір мәрте еске салынды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында шомылуға арналған 61 ресми орын жұмыс істейді. Акция дәмді тәттілермен, сыйлықтармен және тақырыптық фотозоналардағы естелік суреттермен аяқталдыз.