
Ақмола облысы Зеренді ауданының Викторовка ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылу рәсімі өтті. Жаңа нысан ерікті өртке қарсы құралымдар жүйесін дамыту және ауылдық елді мекендердің қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында құрылды.
Өрт сөндіру бекетінің ғимараты жаңғырту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілді. Нысанды қалпына келтіру және жарақтандыру жұмыстары аудан тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосқан жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қолдауымен жүзеге асырылды. Өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында бекет өрт сөндіру автоцистернасымен жабдықталған. Бөлімше қажетті өрт-техникалық құралдармен, байланыс құралдарымен, жабдықтармен және дайындықтан өткен жеке құраммен толық қамтамасыз етілген.
Өрт сөндіру бекеті ең жақын өрт сөндіру бөлімінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан және Викторовка, Красиловка және Бөгенбай би ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған елді мекендерде 1400-ден астам адам тұрады.