
Алматы қаласында Қазақстан ТЖМ аумақтық органдарының өкілдері үшін көрсетілімдік өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, сондай-ақ биік ғимараттардағы өрттерді сөндіру мен адамдарды құтқарудың заманауи әдістерін көрсету болды.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес шартты өрт тұрғын үйдің 12-қабатында орын алды. Құтқарушылар адамдарды құтқару және эвакуациялау алгоритмдерін, аралық сыйымдылық пен көпфункционалды өрт сөндіру автомобилін пайдалана отырып суды биіктікке жеткізуді ұйымдастыру тәсілдерін, сондай-ақ адамдарды әртүрлі әдістермен құтқару әрекеттерін көрсетті.
Семинарға қатысушыларға зардап шеккендерді автосатыны, құтқару жеңін, «Өмір кубы» пневматикалық құрылғысын және басқа да арнайы құтқару құралдарын пайдалану арқылы эвакуациялау тәсілдері көрсетілді. Медициналық сүйемелдеуді Апаттар медицинасы орталығының мамандары мен мотоциклдік жасақ қамтамасыз етті. Сонымен қатар, әуеден жағдайды бақылауға арналған ұшқышсыз ұшу аппаратының жұмысы, сондай-ақ өрт сөндірудің жедел штабының қызметін ұйымдастыру тәртібі таныстырылды.
Өткізілген іс-шара өңірлерден келген мамандарға төтенше жағдайларды жою кезінде алматылық құтқарушылар қолданатын озық тәжірибелер мен заманауи технологиялармен танысуға мүмкіндік берді.