
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Көкшетау қаласында Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы курсанттарының салтанатты бітіру рәсіміне қатысты. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен, Академия бастығы генерал-майор Жанат Хасеновпен, ТЖМ орталық аппаратының басшылық құрамымен, ардагерлермен және құрметті қонақтармен бірге ведомство басшысы түлектерді оқуын аяқтап, офицерлік қызметті бастауымен құттықтады.
Іс-шараның негізгі сәттерінің бірі дипломдарды табыстау рәсімі болды. Рәсім барысында түлектерге оқу орнын аяқтағаны туралы құжаттар берілді. Оқу, спорт және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген курсанттар қатарында Жеңіс Диас, Жұмамуратов Жамаладдин және Жанбаев Мұрат аталып өтті. Биыл Қазақстан ТЖМ қатары 94 жас офицермен толықты. Олар ведомствоның аумақтық бөлімшелерінде қызмет атқаратын болады.
Түлектерге арнаған сөзінде Шыңғыс Әрінов азаматтық қорғау жүйесі үшін сапалы мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, жас офицерлердің алдында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауапты міндет тұрғанын жеткізді. Ол жас лейтенанттарға өз күшіне сенімді болуды, кәсіби тұрғыда дамуды және алдағы қызметтеріне табыс тіледі.
Салтанатты рәсім барысында лейтенант Төлеш Төрекелдіге Нұрпейіс Ақпаров атындағы атаулы шәкіртақы табысталды. Академияның Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімін өткізу құқығы оқу үлгерімімен ерекшеленген лейтенант Дарын Ескелдиновке берілді. Шара түлектердің салтанатты шеруімен және дәстүрлі офицерлік вальспен қорытындыланды.