
Алматы қаласында еліміздің барлық өңірлерінен келген ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтерінің қызметкерлері қатысқан республикалық семинар жалғасуда. Кезекті практикалық күн қалалық инфрақұрылымның ең күрделі нысандарының бірі – метрополитенде төтенше жағдай туындаған кездегі шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын пысықтауға арналды.
Тәжірибелік оқу-жаттығу «Сарыарқа» метро станциясында өтті. Тактикалық сценарийге сәйкес, электр сымдарының апаттық жұмыс режимі салдарынан біріктірілген тартқыш қосалқы станцияда қысқа тұйықталу орын алып, кейін кабельдер шартты түрде жанған. Оқу-жаттығу барысында барлау жүргізу, адамдарды іздестіру және құтқару, эвакуацияны ұйымдастыру, жұмыс жүргізуге рұқсат алу, шартты өртті сөндіру, сондай-ақ барлық шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері пысықталды.
Практикалық сабақтың ерекшелігі – семинарға қатысушылардың еліміздегі жалғыз жерасты метрополитенінде жүргізілген құтқару операциясын нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі болды. Нысандағы бейнебақылау камераларынан алынған көріністер экранға тікелей көрсетіліп, авариялық-құтқару жұмыстарының әр кезеңін егжей-тегжейлі талдауға мүмкіндік берді. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін қатысушылар пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды және метрополитендегі төтенше жағдайларға ден қоюды жетілдірудің ықтимал жолдарын талқылады.
Оқу-жаттығуға өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінен бөлек, ҚР ТЖМ Құтқару қызметінің, «Барыс» республикалық құтқару қызметінің, Апаттар медицинасы орталығының, полицияның, метрополитен қызметтерінің және өзара іс-қимыл жасайтын басқа да ұйымдардың қызметкерлері жұмылдырылды.