
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Степногорск қаласына қарасты Қарабұлақ ауылында ерікті өртке қарсы құралымының ашылуына қатысты. Жаңа өрт сөндіру бекеті ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру және өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында құрылды. Нысанның ашылуы еліміздің ауылдық елді мекендеріндегі өрт қауіпсіздігі жүйесін дамыту бағдарламасын іске асырудың кезекті кезеңі болды.
Ауыл тұрғындары мен бөлімше қызметкерлері алдында сөз сөйлеген ТЖМ басшысы ауылдық аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ерікті өртке қарсы құралымдарын құру оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартып, шалғайдағы елді мекендерде төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ведомстволық бағдарлама аясында Қарабұлақ ауылындағы ерікті өртке қарсы құралымға өрт сөндіру автокөлігі, жеке қорғаныс құралдарының жиынтығы, тұрақты байланысты қамтамасыз ететін радиостанциялар және өрт сөндірушінің жауынгерлік киімдері берілді. Заманауи жабдықтар жеке құрамға халық пен мүлікті өрттен қорғау жөніндегі міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді.
Жаңа өрт сөндіру бекеті ең жақын өрт сөндіру бөлімінен 13 шақырым қашықтықта орналасқан Қарабұлақ ауылының мыңға жуық тұрғынын қорғауды қамтамасыз етеді. Оның ашылуы өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.