Қазақстанда 194-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 194-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Ақтасты ауылында 194-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин, аудан әкімінің орынбасары Даурен Убайдуллин және ауыл тұрғындары қатысты. Сондай-ақ облыс әкімі Асхат Шахаров жаңа өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысты.

  Бекет диспетчерлік пунктпен, жеке құрамға арналған қызметтік бөлмелермен және өрт техникасына арналған бокспен жабдықталған. Сонымен қатар, ол қажетті техникамен, арнайы киіммен, байланыс құралдарымен және жеке құраммен толық қамтамасыз етілген. ТЖМ тарапынан өрт сөндіру автоцистернасы берілді. Аумақты абаттандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп, ағаштар отырғызылды.

  Аталған бекет 100-ден астам үй мен 500-ден астам тұрғыны бар Ақтасты және Толыбай ауылдарын өрттер мен төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етеді. «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық жобасы ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады. Осындай бастамаларды одан әрі дамыту төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.