
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілген «Batyr» спорт кешеніне барды. Кешен толықтай жаңғыртылып, бүгінде жеке құрамның сапалы даярлығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті заманауи талаптарға сай жағдай жасалған.
Ведомство басшысы нысанның материалдық-техникалық жарақталуымен, оқу-жаттығу үдерісін өткізуге арналған жағдайлармен, сондай-ақ спортшылар мен Департамент қызметкерлерін даярлау жүйесімен танысты. Жаңартылған кешен жаттығулар өткізуге, дене дайындығын жетілдіруге және кәсіби даярлыққа бағытталған спорт түрлерін дамытуға қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Нысан Қарағанды қаласындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан және жеке тұрған екі қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда әмбебап спорт залы, тренажер залы, жекпе-жек залы, киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, монша, ас үй және жаттықтырушылар кабинеттері жұмыс істейді. Қазақстандық құтқарушылар қорының қолдауымен кешен заманауи спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілді, ал күрделі жөндеу жұмыстары Қарағанды облысы ТЖД қаражаты есебінен жүргізілді. Сапар барысында министр спорт кешенінің бас жаттықтырушысы Мұхамедрахим Нұркеевке жаттығу өткізу және спорттық демалысты ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған теннис үстелін табыстады.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстары нысанның инфрақұрылымын едәуір жақсартып, спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Қалыптастырылған материалдық-техникалық база қызметкерлердің физикалық төзімділігін нығайтуға, кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және түрлі деңгейдегі жарыстарда табысты өнер көрсетуіне ықпал етеді.