«Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз» республикалық акциясы басталды

«Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз» республикалық акциясы басталды

  ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Шомылу маусымының өту барысы және «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз» республикалық акциясының басталуы» тақырыбында брифинг өтті. Спикерлер ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Магомет Ахриев, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаев болды.

  Шомылу маусымы 1 маусымнан басталды. Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және өңірлік әкімдіктермен бірлесіп, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.

  ТЖМ, ІІМ және еріктілер ұйымдарының күшімен судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында 24 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілді. Суда жүзу және қоғамдық орындарда демалу ережелерін бұзған 592 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл көлемі 8,6 млн теңгені құрады.

  Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелері қараусыз қалған су айдындарына 192 мобильді құтқару тобын қосымша орналастырды.

  Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» республикалық акциясының басталғанын жариялайды. Акция аясында барлық профилактикалық іс-шаралар күшейтіледі және әрбір ата-ананың назарын осы мәселеге аударуға күш салынады. Акция бір ай бойы жалғасады. Осы кезеңде халық арасында белсенді түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілетін болады.

  Жыл басынан бері ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны жүргізілді. Осы кезеңде 7,5 мың балаға жүзу дағдылары үйретілді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Халық арасында 95 мыңға жуық көрнекі оқу-ағарту материалдары таратылды. Су айдындарында 786 қауіпсіздік белгісі орнатылды.

  Шомылу маусымы басталғалы 29 адам суға кетті, оның 16-сы – балалар. Өкінішке орай, судағы қайғылы жағдайлардың 95%-ы шомылуға рұқсат етілмеген, арнайы жабдықталмаған жерлерде орын алады.

  Қауіпсіз демалыс орындары туралы мәліметтер БАҚ-та, әкімдіктер мен ТЖ департаменттерінің сайттарында, сондай-ақ 2ГИС қосымшасында жарияланған.

  Биыл еліміз бойынша 733 рұқсат етілген жаппай демалыс, туризм және спорт аймағы анықталды. Оның 294-і коммуналдық, 420-сы жекеменшік (19-ы спорттық және туристік мақсатта). Айта кетейік, барлық коммуналдық жағажайлар тегін.

  ТЖМ судың жанында болған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады:

  - балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеңіз;

  - бейтаныс және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған жерлерде шомылмаңыз;

  - мас күйде суға түспеңіз;

  - шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзбеңіз;

  - шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындамаңыз;

  - тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгімеңіз;

  - жүзуге арналмаған заттармен суда жүзбеңіз.

  - қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, табиғи жартастардан, тастардан, қоршаулардан және осы мақсатқа арналмаған өзге де құрылыстардан суға секірмеңіз.

  Осы қарапайым қағидаларды сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.