
Сел қаупі кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы 15 маусымнан бастап ТЖМ «Қазселденқорғау» мамандары Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейінде, сондай-ақ Меркі және Аспара өзендерінің бассейндеріндегі Қырғыз жотасында маусымдық бақылау бекеттерін ашу жұмыстарына кірісті.
Бақылау бекеттері теңіз деңгейінен 2000-3000 метр биіктікте орналасқан таулы аумақтардағы сел қаупі бар бассейндерде орналастырылады. Олар байланыс құралдарымен, гидрометеорологиялық аспаптармен және бақылау кезеңі бойы қызметтің үздіксіз атқарылуын қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік қорымен жабдықталған.
Қызметкерлер мен жабдықтарды дислокация орындарына жеткізу «Қазавиақұтқару» тікұшағын, сондай-ақ жегінді көлікті пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Маусымдық бақылау бекеттерінің жұмысы гидрометеорологиялық және сел жағдайына үздіксіз мониторинг жүргізуді, сел процестерінің туындау қаупін уақтылы анықтауды және қажетті әрекет ету шараларын қабылдау үшін ақпаратты кезекші қызметтерге жедел жеткізуді қамтамасыз етеді.
Бақылау жұмыстары сел қаупі кезеңі аяқталатын 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрақты негізде жүргізіледі. Маусымдық бақылау бекеттерінің қызметі төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады және халықтың, инфрақұрылым нысандарының, сондай-ақ сел қаупіне ұшырайтын аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.