ТЖМ табиғи өрттердің алдын алу шараларын күшейтуде

ТЖМ табиғи өрттердің алдын алу шараларын күшейтуде

  Табиғи өрттердің туындауына жол бермеу және олардың қаупін төмендету мақсатында ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын алу шараларының кешенін жүзеге асыруда. ТЖМ күштерімен орман шаруашылықтарында қосымша механикаландырылған патрульдердің жұмысы ұйымдастырылды. Бүгінгі күні 8 орман мекемесі қамтылып, барлау жүргізу мен өрт ошақтарын жедел сөндіруге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген 12 уақытша бекет орналастырылды. Сонымен қатар, өрт қаупі жоғары өңірлерде су төгу құрылғыларымен жабдықталған тікұшақтардың кезекшілігі ұйымдастырылған.

  Табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп, өрт туындаған жағдайда іс-қимыл алгоритмдерін пысықтауға бағытталған 130 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Табиғи өрттердің көршілес мемлекеттер аумағынан таралу қаупі төнген жағдайда өзара іс-қимылды жетілдіру мақсатында авариялық-құтқару бөлімшелерінің мемлекеттік шекарадан жеңілдетілген тәртіппен өту тетіктерін пысықтай отырып, трансшекаралық оқу-жаттығулар ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының ТЖМ бөлімшелерімен бірлескен үш кешенді өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.

  Сонымен қатар, орманды-дала алқаптарында ТЖМ, полиция және орман қызметі қызметкерлерінен құралған мобильді топтар патрульдеу жұмыстарын жүргізуде. Өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 1,6 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 33 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

  ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және өрт шығу фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады. Құрғақ өсімдіктерді өртеуге, орман алқаптарында, қалың бұталардың арасында және ауыл шаруашылығы жерлеріне жақын маңда от жағуға тыйым салынады. Толық сөндірілмеген темекі тұқылдарын, сіріңкелерді, шыны заттарды және өрттің шығуына себеп болуы мүмкін өзге де заттарды қалдыруға жол берілмейді. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – табиғатты қорғауға қосқан әр азаматтың үлесі.