ТЖМ басшысы Қызылордадағы жедел-құтқару жасағында жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты

ТЖМ басшысы Қызылордадағы жедел-құтқару жасағында жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты

  Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қызылорда қаласындағы жедел-құтқару жасағына барып, жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен және бөлімшенің материалдық-техникалық базасының жаңартылуымен танысты. Оған құтқарушылардың қызмет атқаруы мен тынығуына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүргізілген әкімшілік ғимараттың ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижелері таныстырылды.

  ТЖМ басшысы жүргізілген жұмыстардың сапасына оң баға беріп, қызметкерлер үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасау қызметтік міндеттерді тиімді орындауға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға тікелей әсер ететінін атап өтті. Жөндеу барысында жұмыс кабинеттері мен демалыс бөлмелері толық жаңартылып, ғимараттың сыртқы келбеті де жаңғыртылды. Бөлімшенің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

  Техника мен жабдықтарды орналастыруға арналған қойма үй-жайлары, ангарлар мен гараждар жөндеуден өткізілді. Құтқарушыларды даярлауға арналған оқу-жаттығу полигоны жаңғыртылып, спорт алаңы мен кинологиялық есептоптарға арналған қысқы және жазғы вольерлері бар арнайы жаттығу аймағы жабдықталды. Сондай-ақ қызметтік иттердің азығын сақтауға арналған жеке қойма салынды. Аумақты абаттандыру аясында асфальт төсеу, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлер үшін қолайлы орта қалыптастырылды.

  Бұл жұмыстар мен нысанды абаттандыру ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жыл басынан бері ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына 360-тан астам рет шықты, нәтижесінде шамамен 130 адам құтқарылды.