
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қызылорда облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының Камыстыбас құтқару бөлімшесіне барды. Құтқару станциясы тәулік бойы кезекшілік атқарып, өңірдегі су айдындарында туындайтын төтенше жағдайлар мен оқиғаларға жедел ден қоюға тұрақты дайындықты қамтамасыз етеді.
Ведомство басшысы құтқару станциясының жарақталуымен, қызмет атқару жағдайларымен және жеке құрамның жұмысын ұйымдастыру тәртібімен танысты. Құтқарушылардың қарамағында судағы және құрлықтағы әртүрлі күрделіліктегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік беретін арнайы техника, жүзу құралдары, сүңгуір жабдықтары және авариялық-құтқару құралдары бар.
Тексеру барысында бөлімшенің шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындығына ерекше көңіл бөлінді. Министрге құтқару бөлімшесінің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.