Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері Дүниежүзілік қан доноры күніне арналған акцияны қолдады

Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері Дүниежүзілік қан доноры күніне арналған акцияны қолдады

  Жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік қан доноры күні атап өтіледі. Қан донорлығы азаматтық жауапкершілік пен ынтымақтастықтың маңызды көрінісі. Дүниежүзілік қан донор күні қарсаңында Апаттар медицинасы орталығы мен оның еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 филиалының қызметкерлері донорлық акцияға қатысты.

  Әрбір қан тапсыру төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге, отадан кейінгі пациенттерге және әртүрлі аурулардан емделіп жатқан адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті қан қорларын толықтыруға көмектеседі.

   Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлерінің донорлық қозғалысқа қатысуы игі дәстүрге айналды. Акция аясында орталық аппарат пен республика бойынша барлық филиалдардың қызметкерлері жалпы көлемі 40 литрден астам қан тапсырды. Бұл қор ондаған адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.

  Өткізілген акция бүкіл елдегі филиалдардың ұжымдарын біріктіріп, өзара көмек, мейірімділік пен әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері үшін адамдарға көмектесу тек кәсіби парыз ғана емес, сонымен бірге өмірлік ұстаным.

  Апаттар медицинасы орталығы акцияның барлық қатысушыларына бей-жай қарамағандары, жанашырлықтары және адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау жолында ең құнды дүниесімен бөлісуге дайын болғандары үшін шын жүректен алғыс білдіреді.