
Қызылорда қаласында ведомство басшысы генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында ашылған «Batyr Team» және «Batyr Kids Team» спорт клубтарының жаттығу залымен танысты. Бүгінде клубта 60-тан астам бала, жасөспірім және спортшы тұрақты түрде жаттығады.
Сапар барысында министр жаттығу үдерісіне жасалған жағдайлармен танысып, жаттықтырушылар құрамымен және жас спортшылармен кездесті. Сондай-ақ «Batyr Kids Team» клубының тәрбиеленушілеріне спорттық киім-кешек жиынтықтарын табыстады. Балалардың арасында спорт шеберлігіне кандидаттар мен спорт шеберлері, сондай-ақ қоян-қолтық ұрыс және жекпе-жек өнерінің өзге де түрлері бойынша халықаралық, республикалық және өңірлік жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері бар.
Спортшылардың сапалы әрі жайлы жаттығуына қажетті барлық жағдайларды жасау мақсатында өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда негізгі жаттығу залы, киім ауыстыратын бөлме, санитарлық торап және кіреберіс аймағынан тұратын арнайы спорт кешені жабдықталған. Атап айтқанда, санитарлық торап жаңғыртылып, душ кабиналары орнатылды, ал киім ауыстыратын бөлмелер қажетті жиһаздармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Негізгі жаттығу залы заманауи спорттық құралдармен, арнайы татамилермен және әртүрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуға арналған қажетті жабдықтармен толық қамтылған.
«Batyr Kids Team» спорт клубы балалар мен жасөспірімдерді жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тарту, олардың денсаулығын нығайту және болашағынан үміт күттіретін спортшыларды даярлау мақсатында жұмыс істейді. Бүгінде клуб өңірдің болашақ чемпиондарын тәрбиелейтін және жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыратын маңызды орталыққа айналды.
Айта кету керек, осы спорт залында «Batyr Team» клубының жаттықтырушылары Департаменттің жеке құрамына қызметтік және жауынгерлік даярлық аясында апта сайын өзін-өзі қорғау тәсілдері бойынша сабақтар өткізеді.