Қазақстанда 192-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 192-ші   «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қызылорда облысының Қарауылтөбе ауылында «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясындағы 192-ші ерікті өртке қарсы құралымының ашылу рәсімі өтті. Рәсімге Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты.

  Өрт сөндіру бекеті ТЖМ жүргізіп жатқан ауылдық елді мекендердің қауіпсіздік деңгейін арттыру және ерікті өртке қарсы құрылымдар жүйесін дамыту жұмыстары шеңберінде құрылды. Бөлімше Қарауылтөбе, Абай және Қосшыңырау ауылдарының 3 мыңнан астам тұрғынын өрттен және төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етеді.

  Бекеттің ашылуы ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Еріктілер үшін заманауи өрт сөндіру бекеті жабдықталды. Онда техника орналастыруға арналған бокс, диспетчерлік бөлме, демалыс бөлмесі және тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық тұрмыстық жағдайлар қарастырылған. ТЖМ тарапынан өрт сөндіру автоцистернасы, өрт-техникалық жабдықтар, жауынгерлік киім жиынтықтары және байланыс құралдары берілді. Еріктілерді даярлау мен олардың қызметін әдістемелік сүйемелдеуді ведомство қызметкерлері жүзеге асырады. Олар теориялық және практикалық сабақтардың өткізілуін қамтамасыз етеді.

  Іс-шара барысында ТЖМ басшысы өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне ведомстволық наградаларды табыстады. Сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы бастамаларды қолдап, белсенді азаматтық ұстаным танытқан бірқатар азамат облыс әкімінің марапаттарына ие болды.

  «Ауыл құтқарушылары» жобасы ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Мұндай құрылымдарды құру төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттырып, жергілікті тұрғындарды азаматтардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғау ісіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді.