
Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге өңірлік департамент бөлімшелеріне жаңа өрт сөндіру және құтқару техникасын табыстау рәсіміне қатысып, №6 өрт сөндіру бөлімінде жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Өрт сөндіру бөлімінің аумағында заманауи өрт сөндіру автоцистерналары мен жедел-құтқару автокөліктерінің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Жаңа техника бөлімшелердің мобильділігін арттыруға, олардың жауынгерлік әзірлігін күшейтуге және төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге арналған. Іс-шара барысында жаңа техниканың көрсетілімі ұйымдастырылып, оның техникалық мүмкіндіктері мен халық пен аумақтарды қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығы таныстырылды. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Министрліктің және облыс әкімінің ведомстволық марапаттарымен қызметкерлер, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, сондай-ақ өңірдің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары марапатталды.
Сондай-ақ ведомство басшысы азаматтық қорғау органдары инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту аясында жүргізілген өрт сөндіру бөліміндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты. 1999 жылы салынған бұл өрт сөндіру бөлімі Қызылорда қаласының оңтүстік өнеркәсіптік аймағының, сондай-ақ Сұлутөбе, Тартоғай, Бірінші мамыр және Бірқазан елді мекендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған аумақта 25 мыңнан астам адам тұрады. Жаңғырту аясында әкімшілік ғимарат, оқу сыныптары, демалыс бөлмесі, ас үй, душ бөлмелері, диспетчерлер мен газ-түтіннен қорғау қызметі кабинеттері, гараж бокстары, өрт-техникалық жарақтар мен авариялық-құтқару жабдықтарын сақтауға арналған қоймалар, сондай-ақ оқу мұнарасы жаңартылды.
Бөлімше аумағын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда су бұрқақпен жабдықталған Құтқарушылар аллеясы салынды, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа асфальт жабыны төселді. Қызметкерлер үшін қызмет атқаруға, демалуға және кәсіби даярлықтан өтуге арналған заманауи әрі қолайлы жағдайлар жасалды. Министр мен облыс әкімі техниканы жаңарту және азаматтық қорғау нысандарын жаңғырту құтқару бөлімшелерінің әлеуетін нығайтуға, олардың төтенше жағдайларға ден қою әзірлігін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.