Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» 191-ші ерікті өртке қарсы құралым ашылды

Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» 191-ші ерікті өртке қарсы құралым ашылды

  Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылында «Ауыл құтқарушылары» 191-ші ерікті өртке қарсы құралым өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары және ауыл тұрғындары қатысты.

  191-ші «Ауыл құтқарушылары» жергілікті кәсіпкердің қолдауымен құрылды. Ол ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда. Өрт сөндіру бекеті Жанқожа батыр және Атан батыр ауылдарының 3 мыңнан астам тұрғынын қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға ден қою уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

  Еріктілер тәулік бойы кезекшілік атқарып, қызмет көрсетілетін елді мекендер аумағында өрттер мен басқа да оқиғаларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді. Бекетте өрт техникасын орналастыруға арналған бөлме, диспетчерлік пункт, демалыс бөлмесі және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Министрлік тарапынан өрт сөндіру автоцистернасы, жауынгерлік киім жиынтығы, өрт-техникалық жарақтар, авариялық-құтқару жабдықтары және азаматтық қорғау бөлімшелерімен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік беретін байланыс құралдары берілді.

  Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар министрі өңірдің өрт қауіпсіздігі жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ардагерлерге және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне ведомстволық марапаттарды табыстады. Сондай-ақ бірқатар қатысушылар Қызылорда облысы әкімінің марапаттарымен де атап өтілді. Бұдан бөлек, жеке құрамның жоғары дайындық деңгейін сақтау мақсатында ТЖМ мамандары өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге бағытталған оқыту мен практикалық сабақтарды тұрақты түрде өткізетін болады.