Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» атты 190-шы ерікті өртке қарсы құрылым ашылды

Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» атты 190-шы ерікті өртке қарсы құрылым ашылды

  Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қамыстыбас ауылында 190-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымының ашылу рәсіміне қатысты. Жаңа өрт сөндіру бекеті Қамыстыбас, Ақбай, Қосжар және Сарыбеткей ауылдарында тұратын Арал ауданының 4 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

  Бөлімше жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен құрылды. Мұнда еріктілердің тәулік бойы қызмет атқаруы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Өрт сөндіру бекетінің аумағында өрт техникасына арналған бокс, диспетчерлік бөлме, ас үй және демалыс бөлмесі жабдықталған.

  Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында өрт сөндіру автоцистернасы, өртке қарсы техникалық жабдықтар, жауынгерлік киім жиынтығы, сондай-ақ жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімімен үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін стационарлық байланыс құралдары берілді.

  Жаңа бекетінің ашылуы халықтың өрт қауіпсіздігі деңгейін едәуір арттыруға, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға және елді мекендерді өрттер мен өзге де оқиғалардан қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда облыста осындай 6 ерікті өртке қарсы құрылым құрылған.

  Іс-шара барысында жаңа өрт сөндіру бекетін құруға және ашуға елеулі үлес қосқан азаматтар, кәсіпкерлер, ардагерлер мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері ТЖМ ведомстволық наградаларымен және облыс әкімінің марапаттарымен наградталды.