
Shymbulak тау курортында төтенше жағдай жағдайында аспалы жол жолаушыларын құтқару бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес электр энергиясының апатты түрде өшуінен аспалы жол тоқтап, кабиналардағы адамдар биіктікте қалып қойған. Құтқарушыларға жолаушыларды жедел эвакуациялау, шартты зардап шеккендерге көмек көрсету және оларды қауіпсіз түрде жиналу аймағына жеткізу міндеті жүктелді.
Ең күрделі кезең Медеу бөгетінің үстімен өтетін, биіктігі 120 метрге дейін жететін гондолалы аспалы жол учаскесінен жолаушыларды эвакуациялау болды. Осындай жаттығулар төтенше қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге және таулы аймақтағы оқиғаларға ден қоюға дайындық деңгейін жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығу барысында адамдарды құтқарудың түрлі тәсілдері, оның ішінде арнайы арқан жүйелері арқылы кабиналардан түсіру және тікұшақтың көмегімен эвакуациялау пысықталды. Медицина қызметкерлері мен психологтар алғашқы көмек көрсету және зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсету алгоритмдерін іс жүзінде орындады.
Оқу-жаттығуға Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару қызметі, қалалық Құтқару қызметі, Апаттар медицинасы орталығы, «Қазавиақұтқару» АҚ және курорт қызметкерлері қатысты.