Қазақстанда 189-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 189-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Жетісу облысы Қаратал ауданының Көпбірлік ауылында 189-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Жетісу облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары Адамбек Оразалинов, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Чамиренов  және ауыл тұрғындары қатысты.

  Жаңа өрт сөндіру бекеті Көпбірлік, Қарақұм және Ақжар ауылдарының 1 740 тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нысанды жаңғырту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылды. Бекет ғимараты жаңартылып, жеке құрамның қызмет атқаруына, сондай-ақ өрт техникасы мен қажетті жабдықтарды орналастыруға барлық жағдай жасалды. Нысан тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қажетті құралдармен толық жабдықталған.

  Жаңадан құрылған өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру автоцистернасын, өрт-техникалық жарақтарды, жауынгерлік киім жиынтықтарын және байланыс құралдарын табыстады. Жеке құрам өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтті. Іс-шара барысында үздік қызметкерлер мен жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара соңында ағаш отырғызу акциясы отырғызылды.