
Сел қаупі кезеңінің басталуына байланысты Қазақстан ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесі сел қаупі бар өзен алаптарындағы тау өзендерінің, мұздақ көлдердің, мұздықтар мен тау беткейлерінің жай-күйіне күнделікті мониторинг жүргізу үшін маусымдық биік таулы бақылау бекеттерін іске қосты.
Биік таулы бақылау бекеттерінде гидрометеорологиялық жағдайға тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған. Мамандар су деңгейінің өзгеруін, жауын-шашынның қарқындылығын, ауа температурасын және сел процестерінің қалыптасуына әсер ететін өзге де көрсеткіштерді тіркейді. Жұмыс шалғайдағы биік таулы аумақтардың күрделі жағдайында жүргізіліп, жоғары кәсіби даярлық пен жедел әрекет етуді талап етеді. Алынған мәліметтер жедел түрде диспетчерлік қызметтер мен жедел басқару орталықтарына жеткізіледі.
Қарқынды қар еруі мен жауын-шашын кезеңінде қауіп төндіруі мүмкін әлеуетті қауіпті мұздақ көлдерге ерекше назар аударылады. Тұрақты мониторинг жүргізу қауіптіліктің арту белгілерін дер кезінде анықтауға және мемлекеттік органдар мен халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді. Маусымдық бақылаушылардың кәсіби қызметі – табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар тәуекелдерін төмендетуге ықпал ететін ерте ескерту жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі.