
Жетісу облысы Қаратал ауданының Кәлпе ауылында 187-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Жетісу облысы ТЖД бастығы Қанат Алтынбеков, Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков және ауыл тұрғындары қатысты.
Бекет жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құрылып, Кәлпе, Қанабек және Қарашеңгел елді мекендеріндегі 2925 тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Мұнда диспетчерлік бөлме, жеке құрамның демалыс және тұру бөлмелері, сондай-ақ техникаға арналған бокс секілді қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Бөлімше техникамен, жеке құраммен, арнайы киіммен және байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етілген, бұл төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бекет аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жасыл желектер отырғызылды.
Салтанатты ашылу рәсімі барысында ерекше көзге түскен қызметкерлер мен жобаға қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Жаңа нысанның ашылуы төтенше жағдайларға жедел ден қою тиімділігін арттырып, халықтың өрт қауіпсіздігі деңгейін күшейтуге мүмкіндік береді.