ТЖМ Басшысы еліміздің туристік аймақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады

ТЖМ Басшысы еліміздің туристік аймақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады

  Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов туризмді дамыту мәселелері жөніндегі Үкімет отырысында сөз сөйледі.

  Министрдің айтуынша, еліміздегі туристік аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді арттыру шараларының кешенін іске асырудамыз. Негізінен адамдар жаппай демалатын орындарда бақылау және профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.

  Демалыс объектілері мен аймақтарының, туристік базалардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жағажайларда және суға шомылу орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады.

  Жазғы маусымға дайындық аясында бес жүзге жуық объекті мен жағажай тексеріліп, нәтижесінде 800-ге жуық қауіпсіздік талаптарының бұзушылығы анықталды. Аталғандардың әрқайсысы бойынша ден қою шаралары қабылданып, демалыс орындарының иелеріне әдістемелік көмек көрсетілді, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ете білу нұсқаулықтары мен практикалық жаттығулары өткізілді.

  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жақын арада Министрлікке шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылау-қадағалау функциясы беріледі. Тексеру шараларын 1 шілдеден бастаймыз. Еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен тұрақ-базаларына тексеріс жүргізіліп, өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданатын болады.

  Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жағалауды жасанды интеллект арқылы бейнебақылау жүйелерін кезең-кезеңмен енгізудеміз. Аталған жүйе Алакөлде орнатылды.

  Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындар мен туристер арасында өзін қауіпсіз ұстай білу профилактикасы күшейтілді. Жаппай демалу орындарында, рекреациялық аймақтарда су айдындарын патрульдеу жұмыстары, рейдтік іс-шаралар өткізіліп, қауіпсіздік шаралары жөніндегі ақпараттық стендтер мен белгілер орнатылды.

  Біздің құтқарушыларымыз соңғы 2 жылда туристік аймақтарда 2 мыңнан астам адамды аман алып қалды, оның ішінде тауларда мыңға жуық адамды құтқарды. Одан бөлек, туристердің таудағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті көмек көрсете алатын Министрліктің тәулік бойғы капсулды гидробекеттері жұмыс істейді.

 Қауіпсіздікті арттыру мақсатында Министрліктің аумақтық бөлімшелерін туристердің өз жүру бағыттары туралы хабардар ету міндеті заңнамалық деңгейде бекітілді. Келешекте саяхат бағыттарына цифрлық бақылау енгізіледі және туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы құтқару қызметтерін хабардар ету процессі автоматтандырылады. Бұл кез келген оқиғаларға ден қоюдың және тауда зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетудің жеделдігін арттырады.

  Туристік инфрақұрылымды қорғау деңгейін арттыру мақсатында Министрліктің құтқару бөлімшелері кезең кезеңмен дамуда. Туристер көп жүретін орындардағы өрттерге, су айдындарындағы және таулы жерлердегі оқиғаларға, басқа да төтенше жағдайларға кешенді ден қоюды қамтамасыз ететін өрт сөндіру бекеттерін, құтқару, әмбебап бөлімшелерін ашып жатырмыз.

  Қазір туристік аймақтарда 42 өрт сөндіру бөлімі және 9 құтқару станциясы жұмыс істейді, соның ішінде Алакөл, Бурабай, Үлкен Шабақты, Шалқар, Имантау, Пестрое, Көлсай көлдерінде орналасқан.

  Алдағы уақытта 9 әмбебап бөлімше ашамыз және 6 құтқару станциясын Балқаш көлінің, Қапшағай, Бұқтырма су қоймаларының жағасында, Баянауыл курорттық аймағында іске қосамыз.

  Құтқару қызметтерінің әуе мобильдігін қамтамасыз ету мақсатында авиация инфраструктурасын дамытудамыз. Атап айтқанда ангарлар мен тікұшақ алаңдары салынуда. Олар жағдайды бақылау, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу және зардап шеккендерді эвакуациялау үшін авиацияны шұғыл қолдану мүмкіндігін береді.

  Мамыр айында алғаш рет «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында өз күшімізбен салынған тікұшақ алаңын аштық. Бұл жоба зардап шеккендерді эвакуациялау уақытын жеделдетуге және құтқару операцияларын жүргізудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай объектілерді еліміздің басқа да туристік орындарында саламыз. Осыған ұқсас алаң Алматыдағы 4 қалалық аурухананың аумағында іске қосылды, ол пациенттерді тасымалдау уақытын айтарлықтай қысқартып, шұғыл медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттырады.

  Құтқару бөлімшелерінің дайындығын арттыруға арналған материалдық-техникалық базаны нығайту жалғасуда. Соңғы екі жылдың ішінде 1,5 мың техника, жаңа үлгідегі 36 жүзу құралы, 13 әуе борты сатып алынды. Биылғы жылы техникамыздың паркі Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларды жоюға және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған қазіргі заманғы 4 теңіз кемесімен толықтырылатын болады.

  Ел халқының, оның ішінде туристердің қауіпсіздігін сақтау Министрліктің басым міндеті болып табылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған шаралар нәтижелі іске асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз.