
Қармақшы ауданының Алдашбай Ахун ауылында 186-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Іс-шараға Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Жасұлан Түйменов пен Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысты.
Өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру автоцистернасын, өрт-техникалық жабдықтарды, жауынгерлік киім жиынтығын және байланыс орнатуды қамтамасыз ететін стационарлық байланыс құралдарын табыстады.
«Ауыл құтқарушылары» бекеті Алдашбай Ахун ауылының 680 тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нысанның жұмысы халықтың қауіпсіздік деңгейін арттырып, төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін жақсартуға ықпал етеді.