Қазақстан ТЖМ құтқарушылары трансшекаралық табиғи өрттерді сөндіру бойынша іс-қимылдарды пысықтады

Қазақстан ТЖМ құтқарушылары трансшекаралық табиғи өрттерді сөндіру бойынша іс-қимылдарды пысықтады

  Ресей Федерациясының Орынбор облысының аумағында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрліктері бөлімшелерінің қатысуымен шекара маңындағы аймақта ландшафтық өрттерді сөндіру бойынша бірлескен оқу-жаттығу өтті.

  Қазақстан тарапынан оқу-жаттығуға Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары ТЖМ бөлімшелері қатысты. Жалпы саны 30 қызметкер мен арнайы техниканың 6 бірлігі жұмылдырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – шекара маңындағы аумақтарда табиғи өрттер туындаған жағдайда оларды жою кезінде екі мемлекеттің күштері мен құралдарының өзара іс-қимылын пысықтау болды.

  Оқу-жаттығудың практикалық кезеңінде қатысушылар жедел ақпарат алмасу, бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру, өрт ошақтарын оқшаулау және сөндіру мәселелерін пысықтады. Сондай-ақ трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға жіберілетін бөлімшелердің, техникалар мен жабдықтардың мемлекеттік шекараны жеңілдетілген әрі жедел тәртіппен кесіп өту тетіктерін іс жүзінде пысықтауға ерекше назар аударылды.

  Бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу Қазақстан мен Ресейдің құтқару ведомстволары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлерде табиғи өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға ықпал етеді.