Балаларды қорғау күнінде құтқарушылар қауіпсіздік сабақтарын өткізді

Балаларды қорғау күнінде құтқарушылар қауіпсіздік сабақтарын өткізді

  Халықаралық Балаларды қорғау күні Қазақстан ТЖМ бөлімшелері ел аумағында өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды мерекелік және танымдық іс-шаралар ұйымдастырды.

  Құтқарушылар, өрт сөндірушілер, кинологтар және азаматтық қорғау қызметтерінің мамандары балалар үшін интерактивті алаңдар, шеберлік сабақтары, техника көрмелері, викториналар және көрсетілімдік жаттығулар дайындады. Іс-шаралардың негізгі мақсаты - балаларды күнделікті өмірде және төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық ережелеріне үйрету.

  Алматыда «BalaFest-2026» қалалық фестивалі аясында ТЖД қызметкерлері танымдық шеберлік сабақтарын өткізіп, өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасының мүмкіндіктерін көрсетті, балаларды арнайы жабдықтармен және құтқарушылардың киім-кешегімен таныстырды. Кинологиялық қызметтің жұмысы, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көрсетілімі, «Айбын» роботтандырылған жүйесі және сейсмикалық қауіп кезінде әрекет ету ережелерін тәжірибе жүзінде үйреткен жер сілкінісі симуляторы үлкен қызығушылық тудырды.

  Шығыс Қазақстан облысында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін шеберлік сабақтары мен құтқару станциясында ашық есік күні ұйымдастырылды. Балалар алғашқы медициналық көмек негіздерімен танысып, шартты өртті сөндіруге қатысты, құтқарушылардың жауынгерлік киімін киіп көрді, құтқару катері мен квадроциклдерге отырды, сондай-ақ құтқарушылардың төрт аяқты көмекшілерімен кездесті.

  Оралда балалар үшін аниматорлар қатысқан ауқымды қалалық іс-шара өтті. Ойындар мен викториналар ұйымдастырылды. ТЖД мамандары жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салды, сондай-ақ балаларға өрт сөндіру бөліміне, музейге және жедел-құтқару жасағына экскурсия өткізді.

  Ақмола облысында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің балалары үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара аясында балалар сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды, кинологтар мен өрт-құтқару спорты бойынша спортшылардың көрсетілімдік өнері ұсынылды. Мерекенің жарқын сәті өрт сөндірушілер арнайы техниканың көмегімен жасаған жасанды жаңбыр болды.

  Таразда құтқарушылар «Қауіпсіз жаз - 2026» іс-шарасын өткізіп, балалар арнайы техникамен танысып, жарыстар мен викториналарға қатысты, сондай-ақ кинологтардың қызметтік иттерімен көрсетілімін тамашалады.

  Талдықорғанда қала жағажайында жазғы кезеңдегі қауіпсіз демалысқа арналған танымдық-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Балалар өрт сөндіру және құтқару техникасымен танысып, судағы және табиғаттағы қауіпсіздік туралы пайдалы мәліметтер алды. Мерекенің ерекше көрінісі - жас қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған су фонтаны болды.

  Осындай іс-шаралар елдің барлық өңірлерінде өтуде және ТЖМ-нің профилактикалық жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Олар балаларға қауіпсіздік негіздерін қызықты әрі түсінікті түрде меңгеруге, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйренуге және жаздың алғашқы күнін жарқын әрі пайдалы өткізуге көмектеседі.