
ТЖМ басшысы генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысы Алғабас ауылдық округінің Жаңаталап ауылында 180-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымын ашты. Жаңа бекет мыңнан астам тұрғыны бар Алғабас, Жаңаталап және Жіңішке ауылдары тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
180-ші «Ауыл құтқарушылары» бекеті жергілікті кәсіпкер Қанат Өскеновтің қолдауымен бюджеттен тыс қаражат есебінен 21 күн рекордтық мерзімде салынды. Нысан отқа төзімді және тез тұрғызылатын SIP-панельдерді қолдана отырып, канадалық технологиямен бой көтерді. Ғимаратта өрт техникасына арналған бокс, диспетчерлік, демалыс бөлмесі, асүй, сондай-ақ душ кабинасы бар санитарлық торап қарастырылған. Бұл жеке құрамның тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Шыңғыс Әрінов ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсетіп отырған жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерге алғысын білдіріп, халықты төтенше жағдайлардан қорғау мәселесіндегі бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
ТЖМ бекетті өрт сөндіру автоцистернасымен, заманауи өрт-техникалық жабдықтармен, байланыс құралдарымен, арнайы қорғаныш киімдерімен және өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ құтқарушылар еріктілер үшін өрт сөндіру дағдыларын жетілдіруге және төтенше жағдайларға ден қою әзірлігін арттыруға бағытталған оқыту мен практикалық сабақтарды тұрақты негізде өткізетін болады. Жеке құрамның тәулік бойы кезекшілігі және бекеттің заманауи жарақтандырылуы ауылдық округ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға әрдайым дайын болуға мүмкіндік береді.