
Орталық коммуникациялар қызметінде «Балаларға қамқорлық жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда Қазақстанның ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Есмағанбетов балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндады.
Балалардың қауіпсіздігі мәселесі ТЖМ қызметінің негізгі бағыттарының бірі және тұрақты бақылауда. Министрлік балалардың қатысуымен болатын төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралар кешенін жүзеге асыруда.
Жыл басынан бері ТЖМ қызметкерлері шамамен 4 мың интерактивті сабақ, 3,5 мыңнан астам ашық және тәжірибелік сабақтар, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері бойынша сынып сағаттарын өткізді. Мектепке дейінгі мекемелермен жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Балалар үшін өрт сөндіру-құтқару бөлімшелеріне 2 мыңға жуық экскурсия ұйымдастырылды. Жазғы кезеңде балаларды сауықтыру лагерьлері мен орталықтарында демалушы балаларға арналған көшпелі сабақтар өткізілуде.
Ресми жағажайларда балаларға арналған қауіпсіз шомылу аймақтарын жабдықтау жоспарлануда. Онда құтқарушылар балаларды жүзу дағдыларына үйрететін болады. Жыл басынан бері 8 мыңға жуық бала жүзудің бастапқы дағдыларына оқытылды. Су қауіпсіздігі бойынша 2 мыңға жуық интерактивті сабақ өткізіліп, 91 мыңнан астам оқушы қамтылды, 47 мыңнан астам бала үшін 2,5 мыңнан астам ашық сабақ, сондай-ақ 18 мыңға жуық мектеп оқушысын қамтыған суға батқан адамды құтқару және алғашқы көмек көрсету бойынша 800-ден астам тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды.
Сонымен қатар шамамен 2 мың сынып сағаты өткізіліп, оның аясында 41 мыңнан астам ата-анаға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. 9 мыңнан астам ата-аналар чатында профилактикалық материалдар мен жадынамалар таратылуда. Сондай-ақ еліміздің білім беру ұйымдарында ӘҚБтК баптарын түсіндіру бойынша 400-ге жуық құқықтық насихат сабағы өткізіліп, 7 мыңнан астам білім алушы қамтылды.
ТЖД бөлімшелері, полиция, жергілікті атқарушы органдар және волонтерлермен бірлесіп, су айдындарындағы жаппай демалыс орындарында, әсіресе тыйым салынған және бейберекет жағажайларда рейдтер мен патрульдеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстанның ТЖМ азаматтарды әсіресе жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Балаларды су маңында қараусыз қалдырмаңыздар, тек жабдықталған және рұқсат етілген орындарда шомылуға рұқсат беріңіздер, балаларды қауіпсіз мінез-құлық ережелері мен жүзу дағдыларына үйретіңіздер.
Сондай-ақ тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет: жас балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар, сіріңке мен оттықпен ойнауға жол бермеңіздер, электр құрылғыларын пайдалануды бақылау және электр сымдарының жарамдылығын қадағалаңыздар.