
«Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында еліміздің барлық өңірлерінде орман өрттерін жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтері мен азаматтық қорғау құрылымдарының қатысуымен практикалық іс-шаралар өткізілді.
Оқу-жаттығудың екі күні ішінде республика бойынша 870-ке жуық елді мекенде қамыс пен құрғақ өсімдіктерді ору жұмыстары жүргізілді, автомобиль және теміржол бойында шамамен 960 км минералданған жолақтар жасалды, авиацияның су төгетін құрылғыларына арналған 150-ден астам су алу орны жабдықталды, электр беру әуе желілері бойындағы 630 км-ден астам аумақ тазартылды.
Жалпы елімізді оқу-жаттығуға жеке құрамнан 4,6 мыңнан астам адам, шамамен 1,3 мың техника және 19 тікұшақ жұмылдырылды. Елді мекендерге қауіп төнген және өрттің трансшекаралық таралу қаупі бар шекара маңындағы аймақтарда орман өрттерін жою бойынша мемлекеттік органдар мен шұғыл қызметтердің іс-қимылдары пысықталды.
Алматы қаласында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалына қарасты Кіші Алматы орманшылығы аумағындағы «Сарқырама» шатқалында шартты тау-орман өртін сөндіру іс-қимылдары пысықталды. Оқу-жаттығу барысында әуеден және жерүсті барлау жүргізіліп, өрт ошақтарын сөндіру, шартты зардап шеккендерді эвакуациялау, сондай-ақ жетуі қиын таулы аумақта құтқару жұмыстары орындалды. ТЖД бөлімшелері, Іле-Алатауы МҰТП, «Қазавиақұтқару», «Қазавиаорманқорғау», апаттар медицинасы қызметі, полиция, әскери қызметшілер, коммуналдық қызметтер мен еріктілер арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.
Шымкент қаласында «Қайнар бұлақ» орман шаруашылығы аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығу аясында орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтерінің орманды-дала өрттерін сөндіру кезіндегі өзара іс-қимылы пысықталды. Тактикалық жоспарға сәйкес қатты жел салдарынан орман шаруашылығы маңындағы электр желілері зақымданып, шартты өрт туындады. Өрттің егістік алқаптарға, орман аумағына және жақын орналасқан тұрғын үйлерге таралу қаупі туды.
Абай облысында практикалық бөлім Бородулиха ауданындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында өтті. Оқу-жаттығу барысында өрт сөндіру пойызы мен авиацияны тарта отырып шартты орман өртін сөндіру және халықты эвакуациялау іс-қимылдары пысықталды.
Ақмола облысында оқу-жаттығу Сандықтау ауданы аумағында «Қазавиаорманқорғау» тікұшағы экипажының қатысуымен өткізілді. Авиацияны қолдана отырып орман өрттерін сөндіру тәсілдері, өрт қаупі бар аймақтан адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялау, сондай-ақ кинологиялық есептоптарды тарта отырып шартты зардап шеккен адамды іздеу және тасымалдау арнайы операциялары пысықталды.
Алматы облысында шартты өрт Іле ауданындағы Қызылтаң орманшылығы аумағында орын алды. Оқу-жаттығу барысында шартты орман өртін сөндіру, халықты эвакуациялау, уақытша орналастыру пункттерін ашу және төтенше жағдай жағдайында күштерді үйлестіру әрекеттері пысықталды.
Атырау облысында оқу-жаттығу кезінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында шартты дала өртін сөндіру іс-қимылдары пысықталды.
Шығыс Қазақстан облысында құрғақ найзағай разряды салдарынан Черемшан орман шаруашылығының орманды-дала аумағында шартты өрт шықты. Өрт күшейіп, жоғарғы өртке ұласты. Құтқарушылардың, орманшылардың, әскери қызметшілердің, жергілікті атқарушы органдар мен авиацияның үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрттің тұрғын аймаққа таралуына жол берілмеді.
Жамбыл облысында Меркі ауданы Қызылсай ауылы маңындағы «Шақпақты» шатқалында шартты табиғи өрттің Қырғыз Республикасының шекаралық аймағына таралу қаупі бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу барысында өртті оқшаулау және сөндіру, халық пен ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялау, сондай-ақ жоғалған адамдарды іздеу мәселелері пысықталды.
Жетісу облысында оқу-жаттығу барысында Текелі орманшылығында шартты өртті оқшаулау және жою іс-қимылдары авиация, техника, шұғыл қызметтердің жеке құрамы және ерікті өртке қарсы құрылымдардың қатысуымен өткізілді.
Батыс Қазақстан облысында өртті сөндіру, халықты эвакуациялау және құлақтандыру, төтенше жағдай кезіндегі қызметтердің өзара іс-қимылы пысықталды.
Қызылорда облысында оқу-жаттығу жоспарына сәйкес Ақсуат ауылы маңында жақын маңдағы шаруашылықтарға таралу қаупі бар шартты табиғи өрт орын алды. Практикалық кезең барысында өрт ошақтарын сөндіру, халықты, сондай-ақ ұсақ және ірі қара малды эвакуациялау әрекеттері пысықталды. Ауыр зардап шеккен адамды шұғыл эвакуациялау үшін тікұшақ тартылды.
Павлодар облысында шартты өрт Жасыбай орманшылығы аумағында болды. Орман және дала өрттерін сөндіру әдістері мен тәсілдері, ақпарат алмасу алгоритмдері, шұғыл және өрт сөндіру қызметтерінің, оның ішінде «Ауыл құтқарушыларының» өзара іс-қимылы пысықталды.
Солтүстік Қазақстан облысында аңыз бойынша өрт Булаево қаласынан 15 км қашықтықтағы Чистовское ауылы маңында орын алды. Қауіп аймағына ауыл мен орман алқабы кірді. СҚО ТЖД бөлімшелері мен Ресей ТЖМ-нің Түмен, Қорған және Омбы облыстарының бас басқармалары, Қарақоға ауылындағы өрт сөндіру бекеті, жергілікті атқарушы органдар, полиция, азаматтық қорғау қызметтері, «Булаев орман шаруашылығы» КММ және «Қазавиақұтқару» АҚ арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.
Түркістан облысында оқу-жаттығудың практикалық кезеңі Бәйдібек ауданында өткізілді. Оқу аясында шұғыл қызметтердің бірлескен іс-қимылы, орман және дала өрттерін сөндіру тактикасы мен алгоритмдері пысықталды.
Ұлытау облысында оқу-жаттығудың практикалық кезеңі Ақтау ауылдық округіндегі «Қарағаш» орман шаруашылығы аумағында өтті. Шартты табиғи өрт қатты желдің әсерінен орман және дала алқаптарына таралып, Ақтау ауылына қауіп төндірді. Оқу барысында өртті сөндіру, халықты эвакуациялау, зардап шеккендерге көмек көрсету, әуеден су төгу, сондай-ақ шұғыл қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.