
Қазақстан Республикасының ТЖ министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысы Кеген ауданының Ақай Нүсіпбеков ауылында 179-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы бекетінің жұмысын бастады. Жаңа бекеттің қызмет көрсету аймағына Жалағаш, Жайдақбұлақ, Тоғызбұлақ, Қарабұлақ және Ақай Нүсіпбеков елді мекендері кіреді, мұнда 7 мыңнан астам адам тұрады.
179-шы «Ауыл құтқарушылары» бекеті жергілікті кәсіпкер Қанат Өскеновтің қолдауымен бюджеттен тыс қаражат есебінен қысқа мерзімде салынды. Мұнда еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруына барлық қажетті жағдай жасалған.
ТЖМ тарапынан өрт сөндіру автоцистернасы, өрт-техникалық жабдықтар, арнайы қорғаныш киімдері және заманауи байланыс құралдары берілді.
Еріктілер өрт қауіпсіздігінің негіздері, өрттер мен төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету, өрт-техникалық жабдықтар мен байланыс құралдарын пайдалану бойынша оқудан өтеді. Дайындықты сақтау мақсатында практикалық сабақтар мен жаттығулар өткізіліп отырады. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар қорытынды тестілеуден өтеді.
Осындай бекеттердің ашылуы өрт кезінде әрекет ету уақытын едәуір азайтып, шалғай ауылдық елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.