
Оқу-жаттығу аясында табиғи өрттер туындаған жағдайда азаматтық қорғау аумақтық кіші жүйесінің басқару органдарының, күштері мен құралдарының іс-қимылға дайындығын арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізілді.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Красный Кордон ауылы маңындағы қылқан жапырақты орман алқабында өрт шығып, кейін ол жоғарғы жаққа өршіді. Қатты жел мен аптап ыстықтың әсерінен өрт кең ауқымда таралып, көршілес өңірлерге қауіп төндірді.
Құлақтандыру сызбаларына сәйкес басқару органдары жиналып, күштер мен құралдар шартты төтенше жағдай аймағына жіберілді.
Далалық жағдайда практикалық іс-қимылдарды пысықтау барысында республикалық жедел штаб орналастырылды.
Оқу-жаттығуға өңірлік орман және табиғатты қорғау мекемелері, азаматтық қорғау қызметтері, құқық қорғау органдары, әскери ведомстволар, аумақтық қорғаныс күштері, өрт сөндіру пойызы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттері тартылды. Облысаралық өзара іс-қимыл жоспарларына сәйкес Қостанай облысы ТЖД-мен бірлесіп Ақмола және Ақтөбе облыстарының бөлімшелері жұмылдырылды.
Табиғи өрт ошақтарын оқшаулау және жою, елді мекендер мен экономика объектілерін қорғау бойынша іс-шаралар жүргізілді. Сондай-ақ халық пен ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялау, газ және электр энергиясын беру жүйелерін ажырату мәселелері пысықталды.
Ресей Федерациясымен шекаралас және іргелес аумақтардағы өрттер туралы жедел ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде мемлекеттік шекарадан өту бойынша практикалық элементтер де пысықталды.
Авиацияны қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқу-жаттығу барысында өрт ошағына суды кезектесіп төгу арқылы бес әуе кемесінің қатысуымен каскадты өрт сөндіру әдісі көрсетілді. Мұндай жұмыс тәсілі өрт шебіне үздіксіз әсер етуді, аумақты жедел салқындатуды және оттың таралуын тежеуді қамтамасыз етті.
Сонымен қатар елді мекендерді өрттің таралуынан қорғау, үздіксіз су жеткізуді ұйымдастыру, жерүсті және авиациялық күштердің өзара іс-қимылы, эвакуациялау және құлақтандыру іс-шаралары, жедел өзгеретін жағдайларда жедел штабтың жұмысы пысықталды.
Жалпы оқу-жаттығуға жеке құрамнан 287 қызметкер, 77 бірлік техника, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ мемлекеттік және азаматтық авиацияның 5 әуе кемесі жұмылдырылды.
Осындай іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының ТЖД оқу-жаттығулары халықаралық форматта ұйымдастырылып, оған Ресей Федерациясы ТЖМ Омбы, Қорған және Түмен облыстары бойынша бас басқармаларының, сондай-ақ Қырғыз Республикасы ТЖМ өкілдері қатысты.
Практикалық бөлім аяқталғаннан кейін жедел штабта Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камаловтың жетекшілігімен, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен оқу-жаттығу қорытындысы шығарылды.