
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысындағы Кеген ауданының Саты ауылында 178-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымын ашты. Жаңа нысан Саты және Құрметі ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ Көлсай көлдері туристік аймағының қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді.
Ерікті өртке қарсы құралым ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі жүйесін дамытуға бағытталған ТЖМ ведомстволық бағдарламасы аясында құрылды. Бөлімшеге қызмет атқару үшін өрт сөндіру техникасы, байланыс құралдары, арнайы тігілген киім және жедел әрекет етуге қажетті жабдықтар берілді.
Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Жаңа нысан жергілікті кәсіпкер Қанат Өскеновтің қолдауымен бюджеттен тыс қаражат есебінен небәрі 25 күн ішінде салынды. Ғимаратта диспетчерлік, демалыс бөлмелері, асхана және техникалар мен құрал-жабдықтарды сақтауға арналған үй-жайлар жабдықталған.
Соңғы бір жылда өңірде 12 ерікті өртке қарсы құралым ашылды. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру ауылдық елді мекендердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға және шалғай аудандардағы оқиғаларға ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.