Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысында Кеген ауданындағы Саты ауылдық округінде
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында Көлсай көліне жақын жерде орналасқан «Көлсай» тікұшақ алаңымен танысты.
Нысан төтенше жағдайлар кезінде авиациялық жұмыстарды орындауға арналған. Тікұшақ алаңы халықты эвакуациялауға, авариялық-құтқару бөлімшелерін жеткізуге және қажетті жабдықтарды жетуі қиын аймақтарға жедел тасымалдауға мүмкіндік береді.
Нысанды аралау барысында ТЖМ басшысына алаңның техникалық мүмкіндіктері мен пайдалану шарттары таныстырылды. Тікұшақ алаңы әуе кемелерінің қауіпсіз қонуы мен ұшу талаптарына сәйкес келетіні және өңірдің таулы әрі туристік аймақтарында жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыратыны атап өтілді.
Нысан құрылысы бюджеттен тыс қаражат есебінен жергілікті кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асырылды.
