
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы қаласында ведомствоның аумақтық бөлімшелері арасында шайбалы хоккейден өткен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің алғашқы кубогының жабылу рәсіміне қатысты. Турнирді Қазақстан хоккей федерациясының қолдауымен ТЖМ BATYR TEAM спорт клубы ұйымдастырды.
Екі күн бойы еліміздің әр өңірінен келген командалар турнирдің басты жүлдесі үшін бірқатар матч өткізді. Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар» командасы үшінші орынды иеленсе, Алматы қаласының «Барыс» командасы күміс жүлдегер атанды, Қарағанды облысының «Қыран» командасы жеңіске жетті.
Үздік шабуылшы болып «Қыран» командасының ойыншысы Никита Рублев танылды. Үздік қорғаушы атағына Павлодар облысының «Eртіс» командасынан Марат Нажмиденов ие болды. Ал үздік қақпашы болып «Қызылжар» командасының ойыншысы Анатолий Терехин танылды.
Наградтау рәсіміне Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, BATYR TEAM спорт клубының басшысы Әділ Қайырбаев, ардагерлер қауымдастығының өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты.
ТЖМ басшысы турнир ведомствоның жыл сайынғы дәстүріне айналып, азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлері арасындағы командалық өзара іс-қимылды нығайтуға және ұжымдық бірлікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.