Алматы қаласындағы Halyk Arena мұз айдынында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің шайбалы хоккейден аумақтық бөлімшелер арасындағы кубогының салтанатты ашылуы өтті. Турнир еліміздің барлық өңірлерінен келген құтқарушылардың басын қосты.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтар ретінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «BATYR TEAM» спорт клубының атқарушы директоры Әділ Қайырбаев, Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры Рустам Ибраев, КСРО-ның өрт-құтқару спорты бойынша еңбек сіңірген спорт шебері Валерий Усов, мәслихат депутаттары, сондай-ақ «Galaxy Service» ЖШС директоры Беслан Беков және «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС бас директоры қатысты.
Ойынның алғашқы күні командалар 12 матч өткізіп, жоғары дайындық деңгейін, жылдамдық пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Қатысушылар «А» және «Б» топтарына бөлінді, әр топта төрт командадан өнер көрсетуде.
Ертең турнирдің екінші ойын күні өтеді. Оның қорытындысы бойынша финалға шығатын командалар, қола жүлдегерлер және 5–8 орындар үшін күресті жалғастыратын командалар анықталады.