
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылында ауылдық елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңғыртылған ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.
Ерікті өрт сөндіру пунктінің ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Елдос Батталов, Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруы үшін бекетте қолайлы жағдай жасалған. Тұрмыстық үй-жайлар, жеке құрамның демалыс бөлмелері және қажетті инфрақұрылым жабдықталған. Пункт теңгеріміне ведомство тарапынан өрт сөндіру автоцистернасы, жеңіл автомобиль, жауынгерлік киім жиынтықтары мен байланыс құралдары берілді.
Қабыршақты ауылында ашылған «Ауыл құтқарушылары» пункті Қабыршақты ауылының өзімен қатар, Бітік, Жамбыл және Үштөбе ауылдарын қоса алғанда, 1500-ден астам тұрғыны бар 4 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай бекеттерді шалғай елді мекендерде құру төтенше жағдайлар орнына жету уақытын едәуір қысқартып, өрттерді сөндіру жеделдігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ материалдық шығындарды азайтуға ықпал етеді.
Салтанатты рәсім пункт аумағына қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызумен аяқталды.