
Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Сенек ауылында Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов 174-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру бекетін ашты. Ведомстволық бағдарлама ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін күшейтуге және өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету уақытын азайтуға бағытталған.
Шыңғыс Әрінов Маңғыстау облысында 59 ауыл барын, өңір үшін ерікті өрт сөндіру бекеттері желісін дамыту аса маңызды екенін атап өтті. Соңғы бір жыл ішінде осы өңірде 8 жаңа бекет ашылды, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Бағдарлама аясында ТЖМ ауылдық елді мекендерге өрт сөндіру техникасын, қажетті құрал-жабдықтарды, киім-кешек пен байланыс құралдарын табыс етеді.
Сенек ауылында шамамен 1800 адам тұрады. Ауыл жыл сайын көптеген туристерді тартатын Бозжыра шатқалының маңында орналасқан. Жаңа ерікті бекеттің ашылуы төтенше жағдайлар кезінде жергілікті тұрғындар мен өңір қонақтарына жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа ғимаратта диспетчерлік, демалыс бөлмесі, асхана және техника мен құрал-жабдықтарды сақтауға арналған үй-жайлар қарастырылған. Еріктілер үшін қолайлы еңбек жағдайы жасалып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары жаңа бекеттің ашылуын бүкіл елді мекен үшін маңызды екенін айтты.