
Астанада №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында төтенше жағдайлар ведомствосының бөлімшелеріне берілген жаңа техниканың саптық байқауы өтті. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов автомобильдердің кілттерін табыс етті.
Іс-шара барысында ведомствоның міндеттерін ескере отырып, әзірленген жаңа үлгідегі жедел-құтқару автомобильдері таныстырылды. ТЖМ басшысы атап өткендей, техникалық талаптарды қалыптастыру кезінде сапа мен сенімділікке ерекше назар аударылады, өйткені дәл осы техника халыққа көмек көрсету және күрделі жағдайларда жұмыс жүргізу барысында пайдаланылады.
Автомобильдердің өтімділігі жоғары, олар шығырмен, шноркельмен, радиостанциямен, жарық-дыбыстық дабыл құрылғыларымен жарақталған. Конструкциясында қажетті авариялық-құтқару жабдықтарын орналастыруға және тасымалдауға мүмкіндік беретін кунг қарастырылған.
Осы модель алғаш рет мемлекеттік органдардың иелігіне қабылданды. Техника өңірлерде жауынгерлік кезекшілікке қойылып, Түркістан, Ақмола және Қарағанды облыстарының бөлімшелеріне жіберіледі. Жаңғырту жұмыстары ТЖМ талаптары мен пайдалану шарттарын ескере отырып, ресми дилер тарапынан жүргізілді.