Өскемен халықаралық әуежайында жаңа көпмақсатты L-410 ұшағын пайдалануға беру салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Рашид Блялов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ директоры Нұрлан Дүйсебаев қатысты.
«Тұрғындарының едәуір бөлігі таулы және жетуі қиын аумақтарда орналасқан біздің өңір үшін L-410 ұшағының келуі ерекше маңызға ие. Бұл әуе кемесі төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және санитарлық рейстерді орындау мүмкіндігін айтарлықтай арттырады», – деді Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Заманауи L-410 ұшағы өңірдегі ТЖМ авиациясының мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Әуе кемесі төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, гуманитарлық көмекті жеткізуге, құтқарушыларды тасымалдауға және жетуі қиын аймақтардан халықты эвакуациялауға арналған. Әсіресе күрделі рельефі, таулы аумағы және қатал климаттық жағдайлары бар Шығыс Қазақстан облысы үшін маңызды.
L-410 ұшағы 2570 шақырымға дейін ұшуға, 6100 метр биіктікке көтерілуге және 19 жолаушыны немесе 1800 килограммға дейін жүк тасымалдауға қабілетті. Кабинасы дәл навигацияны және ұшу параметрлерін толық бақылауды қамтамасыз ететін заманауи Garmin 3000 авионикасымен жарақталған. Осы модель санитарлық авиацияға да бейімделген. Бортта ауыр науқастарды тасымалдауға арналған заманауи зембілдер мен арнайы жүйелер орнатылған.
Жақын уақытта облыс әкімдігінің қолдауымен әуе кемесін сақтау және техникалық қызмет көрсетуге арналған ангардың құрылысы басталады. Сондай-ақ өңір экипаж үшін жұмыс және демалысқа қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз етуге қатысады. Экипаж Чехияда ұшақты шығарған Omnipol компаниясының оқу орталығында оқудан өтті. Дайындық бағдарламасы ұшу бөлігін де, әуе кемесіне техникалық қызмет көрсетуді де қамтыды.