ТЖМ Batyr Team спортшылары халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғады

ТЖМ Batyr Team спортшылары халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғады

  15–17 мамыр аралығында Мәскеу қаласында 16 елден 300-ге жуық мықты спортшының басын қосқан «Достық кубогы» халықаралық қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті. Қазақстан ТЖМ «Batyr Team» ведомстволық клубының спортшылары халықаралық аренада еліміздің намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.

  Жарыс қорытындысы бойынша «Жекпе-жек» дисциплинасында салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында Бекарыс Нұржаубай (Қызылорда облысы ТЖД), Әліби Пернебек («Резерв» РМК), Аружан Беркінбаева (Түркістан облысы ТЖД), Аслан Искендиров («Резерв» РМК), Мария Чеботарева (Қарағанды облысы ТЖД), Айгерім Жарасова (Қарағанды облысы ТЖД) бар. «Өзін-өзі қорғау» дисциплинасында да «Batyr Team» спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. Дмитрий Демьянов (Павлодар облысы ТЖД), Мария Чеботарева (Қарағанды облысы ТЖД), Айгерім Жарасова (Қарағанды облысы ТЖД) жүлделі орындарды иеленді.

  Сонымен қатар «Batyr Team» спортшылары өзге де халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен Әйгерім Рахатова (Шығыс Қазақстан облысы ТЖД) 15–18 мамыр аралығында Түркия Республикасында өткен кикбоксингтен әлем чемпионатында 56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Әділжан Бақытбек (Абай облысы ТЖД) тағы бір жарқын жеңіске қол жеткізді. Ол кәсіби NAIZA Jekpe-jek лигасында сәтті өнер көрсетіп, қарсыласын алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.

  Спортшылардың жетістіктері кәсібилік, мақсаткерлік пен мықты мінездің айқын көрінісі, сондай-ақ ТЖМ басшылығының қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Олардың жеңістері отандық спорттың беделін арттырып қана қоймай, халықаралық спорт аренасында ТЖМ имиджінің нығаюына да ықпал етеді.